Елордада коммерциялық үй-жайға ұрлыққа түскен жамбылдық азамат анықталды
Елордада коммерциялық үй-жайға ұрлыққа түскен жамбылдық азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, оның Қабанбай батыр даңғылында орналасқан дүкенінен ақша мен азық-түлік жоғалып кеткен. Жалпы келтірілген шығын 150 мың теңге мөлшерінде бағаланады.
Ұрлық сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Түнгі сағат 23:00 шамасында белгісіз адам сауда нүктесінің пластикалық терезесін бұзу арқылы үй-жайға кірген.
Тергеу барысында Алматы ауданының полицейлері ұрлыққа қатысы бар Жамбыл облысының 30 жастағы тұрғынын анықтады. Ол өз кінәсін мойындады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ер адамның осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті сақ болуды, шағын және орта бизнес нысандарын бейнебақылау камераларымен жарақтандыруды ескертеді. Сондай-ақ тауарлық-материалдық құндылықтар сақталатын үй-жайлардың терезелеріне металл торларды орнатыңыз.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.