Бірнеше алаяқтық дерегіне қатысы бар деген күдікпен іздеуде болған талдықорғандық қолға түсті
Талдықорғанда полиция бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты ұстап, қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұған дейін 25 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Биыл ол тағы да осындай құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен ұсталды. Тергеу материалдары сотқа жіберілген. Алайда ер адам сот отырысына келмей, қашып кеткен. Наурыз айының ортасында сотталушыға іздеу жарияланды және бір айдан кейін қолға түсті.
Қазіргі уақытта ол өзге де алаяқтық деректеріне қатысты деп күдіктелуде. Олар бойынша тергеу материалдары жеке өндіріске қойылды.
Жәбірленушілерге келтірілген жалпы қаражат мөлшері 8 млн теңге деп бағаланып отыр.
Полиция департаменті азаматтарды қандай да бір қаржылық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде қырағы болуға, алаяқтардың айла-қулықтарына түспеуге шақырады.