Алматыдағы балалар колониясына адам құқығын қорғаушылар барды
Алматыдағы балалар колониясына адам құқығын қорғаушылар барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесіне (Балалар колониясы) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев және бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин келіп, кәмелеттік жасқа толмаған сотталғандарды ұстау жағдайымен танысты.
Олар сотталған жасөспірімдер жазасын өтейтін мекеменің тұрмыстық және өндірістік аумақтарын аралап, жасақтарда болды. Сондай-ақ асхананы, клубты, кітапхананы, акт залын, медициналық кабинетті және ұзақ кездесулер өткізуге арналған бөлмелерді қарап шықты. Сотталған балалармен кездесу барысында құқық қорғаушылар жазалы жасөспірімдердің сұрақтарына жауап берді.
– Сотталған азаматтардың жеке сұрақтарына жауап беру – кешенді жұмыстың маңызды бөлігі. Бұл пенитенциарлық жүйедегі жүйелік мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Барлық көтерілген мәселелер жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша одан әрі шаралар қабылдау үшін талданатын болады, – деп атап өтті Артур Ластаев.
Негізінен балалар сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, кездесулерді ұйымдастыру мен өткізудің нормативтік тәртібіне қатысты сұрақтар қойды. Сонымен қатар бала құқығы жөніндегі омбудсмен А.Саин Алматы қаласы ҚАЖД мекемелерінің басшыларын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілімен өзара байланыста жұмыс жасауға шақырды.