Келесте екі сотталған азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды
Келесте екі сотталған азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Келес аудандық пробация қызметі мен аудандық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аудандық пробация қызметі бөлімінің есебiнде тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке өткiзілді.
Аталған жәрмеңкеге Келес аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған 15 сотталған азамат қатысып, оның ішінде екі сотталған тұрақты жұмысқа жолдама алды. Ал қалған азаматтар қысқа мерзімді оқу мен жеке кәсіп ашу бойынша мамандардан кеңес алды. Аудандық жұмыспен қамту орталығы тоқсан сайын жәрмеңке ұйымдастырып, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарды, сондай ақ аудандық пробация есебінде тұрған сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
– Жұмыспен қамтудың белсендi саясатын жүргiзу Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметiнiң негiзгi әлеуметтiк басымдықтарының бiрiне жатады. Лайықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтiк қорғаудың негiзi, адами ресурстар әлеуетiн дамыту мен iске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмiр сүру сапасын жақсартудың басты құралы. Жаза басып, қоғамда қайта орнын тапқысы келген сотталған азаматтар үшiн бұл – үлкен мүмкіндік. Сол себепті пробация қызметiнiң қызметкерлері бұл шараға аудандағы кәсіпкерлер, жұмыс берушi мекеме басшылары болашақта да белсендi қатысады деген сенімде, – деді Келес аудандық пробация қызметi бөлімінің бөлімінің бастығы Нұрдәулет Аширбаев.
– Мен аталған шарада пробация қызметкерлерінің арқасында мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа жолдама алдым. Әрине, қателікке ұрынып, істі болған адам өз бетімен жұмысқа орналасуы да қиынға соғары анық. Мемлекет тарапынан есепке алынғандарды шеттетпей, қоғамға етене араласып кетуіне мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз, – деді сотталған азамат.