Ақмола облысында жоғалған жасөспірім табылды
Ақмола облысында жоғалған жасөспірім табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 сәуір күні Астрахан аудандық полиция бөліміне аудан ауылдарының бірінде 15 жасар жасөспірім қыз жоғалып кеткендігі туралы хабарлама келіп түсті. 21 сәуірде кешкі сағат 18:00 шамасында кәмелетке толмаған бала үйден шығып, қайтып оралмағаны, сонымен қатар байланысқа шықпағаны белгілі болды.
Тексеру барысында жасөспірім мен туыстарының арасында жасөспірімнің әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт өткізуіне байланысты жанжал туындағаны анықталды. Нәтижесінде кәмелетке толмаған бала өз еркімен үйден кетіп қалған.
Тәртіп сақшылары адамның белгісіз бағытта жоғалып кету фактісін тіркеп, дереу іздеу шараларына кірісті. Астрахан АПБ қызметкерлері қыздың достары мен таныстарынан, такси және қоғамдық көлік жүргізушілерінен сұрақтарға жауап алып, Жалтыр станциясы және Атбасар қаласындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді.
Нәтижесінде жасөспірімнің ілеспе бағыттағы автокөлікпен Астанаға жетіп, одан әрі Көкшетауға кеткендігі анықталды.
22 сәуір күні полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында жасөспірімді Көкшетау қаласынан тапты. Қазіргі уақытта ол Астрахан ауданына жеткізіліп, туыстарына тапсырылды.