Елімізде жыл басынан бері жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 26 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров брифинг барысында айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 26 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ жанжалқорларға қатысты 17,5 мың әкімшілік хаттама сотқа жолданды.
Оның ішінде сот шешімі бойынша:
– 4 мыңнан астам азамат қамауға алынды;
– 3 мыңға жуық азаматқа ескерту берілді;
– 543 азаматқа айыппұл салынды.
Спикердің мәлімдеуінше, 9 мыңнан астам жәбірленуші сотта айыпталушыларымен татуласқан. Сот 4 мыңнан астам құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талап орнатты, оның ішінде 2,6 мыңына алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынды.
Олардың барлығын учаскелік полиция инспекторлары, құқық бұзушының мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін профилактикалық есепке қойды.
Нәтижесінде белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін 2 мың жанжалқор әкімшілік жауапкершілікке тартылды.