Алматыда генерал Исабаевқа арналған мемориалдық тақта ашылды
КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, милиция генерал-майоры Исабаев Слям Мұхамеджанұлына отбасымен тұрған үйдің фасадына ескерткіш тақта орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты жиынға Алматы қалалық ПД-ның басшылығы, жеке құрамы және ІІО-ның ардагерлері қатысты. Слям Мұхамеджанұлының әріптестері, ІІМ генералдары аты аңызға айналған тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.
Оның милицияны басқарған жылдары оңай кезең болған жоқ. 90-шы жылдар қылмыстың өршіп тұрған кезі еді: бандитизм, тонау, бопсалау, зорлық-зомбылық қылмыстары жасалды. Жеңіл ақша іздеп Алматыға әр жерден ұрылар, алаяқтар, қарақшылар келді.
Қаладағы күрделі қылмыстық жағдай ішкі істер органдарының қызметкерлерінен үйлесімді жұмысты талап етті. Осы қиын-қыстау кезеңде Слям Мұхамеджанұлы басшы ретінде өзінің үздік ұйымдастырушылық және кәсіби қасиеттерін көрсетіп, тұрақты, жұмысқа қабілетті кадр құрамын құрып, ұйымдасқан қылмыспен және бопсалаумен күресу үшін жаңа мамандандырылған бөлімдерді жасақтап, оларды тәжірибелі жедел қызметкерлермен толықтырды. Ал жанқиярлық және мақсатты қызметтің нәтижесі – бандалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың алдын алу болды.