Министрдің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай облысында полицияны цифрландыру үдерісімен танысты
Министрдің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай облысында полицияны цифрландыру үдерісімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрі М.М.Ахметжановтың тапсырмасы бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алу және өрескел бұзушылықтарға жол берген жүргізушілерді тез арада анықтау үшін жұмыс істей бастаған «Қорғау» жүйесі таныстырылды.
Өңірде «Қорғаудың» арқасында 6 сәуірден бастап 120-дан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу анықталды. Олардың ішінде 14 жүргізуші басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ 15 жүргізушіде сақтандыру полисі болмаған, бес адамда төленбеген әкімшілік айыппұлдар болған. Сонымен қатар мамандандырылған айыппұл тұрағына 40-тан астам автокөлік жіберілді. Себебі олардың иелері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзды.
“Қорғау» жүйесі жол қозғалысын қадағалаудың тиімділігін арттырады және полицейлерге жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтауға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұнда ІІМ өкіліне «Ekin Patrol» жұмысы көрсетілді.
Облыста жыл басынан бері ЖКО-да қаза тапқандар саны 13%-ға азайды.
Министрдің орынбасары Игорь Лепеха сервистік полиция мен цифрландыру жөніндегі жобаларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Соның арқасында дебюрократизация орын алуда. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етіліп жатыр.
Қостанай облысы ПД жаңадан тағайындалған бастығы Ерлан Файзуллин өңірмен танысуды патрульдік полиция батальонына барудан бастады. Онда бөлімшенің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету үшін жабдықтың маңыздылығын атап өтті.
ҚР ІІМ Министрінің орынбасары Игорь Лепеха қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойды. Сондай-ақ Қостанай облысы ПД жеке құрамы арасында заңдылық пен тәртіпті сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.