Қарағандыда бейнекамераның көмегімен ұрланған көлік табылды
Қарағандыда бейнекамераның көмегімен ұрланған көлік табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне көпқабатты үйлердің ауласынан белгісіз біреулер автокөлік ұрлап кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. 55 жастағы жәбірленуші кешкілік жұмыстан келген соң өзі тұратын үйдің жанына көлігін қойып қойған. Таңертең сағат 06:00 шамасында далаға шықса, көлігі жоқ. Келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қалалық ПБ жедел басқару орталығының қызметкерлері ұрланған көлікті қала көшелерінің бірінен көрген. Сол маңға бірден криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жіберілді. Кешенді жұмыстар барысында 24 жастағы азаматтың басқаруында ұрланған көлік анықталды. Белгілі болғандай, күдікті көлікті ұрлап, қосалқы бөлшек ретінде сатпақшы болған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.