Астанада жалдамалы құрылысшы жөндеу жұмыстарын жүргізген пәтерден ұрлық жасаған
Астанада жалдамалы құрылысшы жөндеу жұмыстарын жүргізген пәтерден ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар 33 жастағы Өзбекстаннан келген құрылысшыны анықтады.
Зардап шеккен астаналықтың айтуы бойынша, құрылысшы пәтерден 600 мың теңгеге жуық құрылыс материалдарын ұрлаған. Ұрланған заттардың арасында ламинат, ванна, бояулар бар. Бұларды күдікті құрылыс базарында сатып жіберген. Ер адамның әрекеті тұрғын үйдің ауласында орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларына түсіп қалған.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған азамат бұрын алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болғаны белгілі болды. Ұсталған адам мойындау көрсетпелерін берді және қамауға алынды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуға, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға және бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.