Ақмола облысында жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ құрықталды
Ақмола облысында жоқ пәтерлерді жалға берген алаяқ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 маусым күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыс орталығының аумағында пәтер жалдаумен алаяқтық деректері туралы екі өтініш келіп түсті.
Зардап шеккендердің бірі Қызылорда облысының тұрғыны, ол белгісіз ер адамның пәтерлерді төмен бағамен жалға беру туралы хабарландыруына алданып, пәтерді жалға алу үшін алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпағанын хабарлады.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жиналған ақпаратты талдап, алданған әйелдерден аударым алған Көкшетау қаласында хабарландыру бастамашысын анықтады. Залалдың жалпы сомасы 90 мың теңгені құрады.
Екі дерек бойынша да ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта күдіктінің басқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
– Жылжымайтын мүлікті жалға алу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау үшін, тұрғын үй иесінің жеке басына және оның меншік құқығын растайтын құжаттардың болуына көз жеткізу керек, – деп толықтырды Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.