Қызылорда облысының ПД бастығы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы облыс тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтардың құқықтарын қорғап, олардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт. Тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарап, оңтайлы шешімін табу халықтың полицияға деген сенімін арттыратыны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы полиция департаменті басшылығының үнемі бақылауында.
Бүгін департамент бастығы Махсудхан Аблазимов апта сайынғы жоспарланған жеке қабылдауын өткізді. Бұл жолғы қабылдауға облыстың 5 тұрғыны жазылды. Облыстың бас полицейі шағым, ұсыныс, пікірлерімен келген тұрғындарды мұқият тыңдап, заң аясында кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әр сауалды назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.