Абай облысындағы ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеп жатқан үш дос домбыра үйірмесін ашты
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №20 мекемесінде 18 жастағы достар жазаларын өтеп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған Айбар, Нурбек, Айдар (есімдері өзгертілген) есірткі және психотроптық заттарды тұтынушыларға жеткізу мақсатында әр жерге қойып кетумен айналысқан.
Жеткіншектер ҚР ҚК-нің 97-бабы, 3-ші тармағымен, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Үш жеткіншек балабақшаға бірге барып, бір сыныпта оқыған. Толық отбасында тәрбиеленген. Оқу озаттары болған.
Семей қаласындағы жоғары оқу орындарында бірі медицина, екіншісі педагогика, үшіншісі информатика саласында білім алып, І курсты тәмамдаған кезде, жаза басып темір тордың ар жағына түсіп отыр.
Бүгінгі таңда үш дос сотталғандардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында домбыра үйірмесін ашып, домбыра үйренгісі келетін жазасын өтеушілерге сабақтар өткізіп жүр.
– Ақшаны жеңіл жолмен табамыз деген оймен, жастықпен, білместікпен мардымсыз ақша үшін қылмыс жасап, міне, темір тордың ар жағында отырмыз. Әрине, өкінішті. Өткенге қайтып оралуға мүмкіндік болса бұл қылмысқа жоламасым анық. Үйдегі анамды ойлаймын.
Есірткі және психотроптық заттарды тұтынушыларға жеткізу мақсатында әр жерге қойып кету бүгінгі таңда жастар арасында белең алып тұр. Замандастарыма жеңіл ақша табу үшін қылмысқа барудың арты түрмемен аяқталатынын айтқым келеді. Үшеуіміз де бала кезімізде домбыра үйірмесіне барғанбыз. Қазағымыздың қара домбырасын бір адамдай меңгергенбіз. Бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында домбыра үйренгісі келетін сотталғандарға арнап үйірме аштық. Бұл біздің қоғамға қосқан бір үлесіміз деп білемін, – деді сотталған Айбар.