ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков ІІО ардагерлерімен кездесті
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков ІІО ардагерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің активімен кездесті. Бейресми жағдайда облыстың бас полицейі ардагерлермен бірге өңірдегі жедел жағдайды, жеке құрамды толғандыратын проблемалық мәселелерді, сондай-ақ тәлімгерлерден түскен ұсыныстарды талқылады.
Ерлан Омарбеков қазіргі уақытта полицияның алдында тұрған міндеттер туралы айтып, ең алдымен 2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын жеткізді.
– Бұл маңызды құжат ардагерлердің полиция алдында тұрған міндеттерді іске асыруға және жұмыстың сервистік моделіне көшуге белсенді қатысуын білдіреді. Сіздердің осы бағыттағы тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз сұранысқа ие, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
ШҚО ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев ардагерлер өңірдегі қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге көмектесетін барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Департамент басшысы бүгінде жас қызметкерлерді тәрбиелеуде және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда ішкі істер органдары ардагерлерінің рөлі жоғары екенін, бұл тәжірибе басшылар үшін де, полиция қызметкерлері үшін де құнды екенін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта ШҚО ПД-да реформалау және тәлімгерлік процестеріне 27 алғашқы ардагер ұйымы енгізілген.