Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтаулық учаскелік инспектор: «Азаматтардың қауіпсіздігі – ұдайы назарымызда»

Учаскелік полиция инспекторы өзінің қызметтік міндеттеріне байланысты халықпен ұдайы байланыс жасап, тұрмыстық және өзге де мәселелерді реттеуге жәрдемдесіп, отбасылық жанжалдарды шешуге қатысады. Негізгі міндет – азаматтардың өтініштерін түсініп, естіп, дұрыс жауап қайтару. Осындай міндеттерін асқан жауапкершілікпен орындап жүрген учаскелік полиция инспекторларының бірі Әзімбек Саттар Polisia.kz редакциясы қызметі жайлы айтып берді.

Әзімбек Саттар – Ақтау қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы. Ол 1993 жылы 16 сәуірде дүниеге келген. Алматы қаласы Қазақ-американ университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016 жылы Әзімбек ішкі істер органдарына қызметке кіруге бел буады. Ол өз қызметін Ақтау қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымынан бастаған. Бүгінде Ақтау қаласы 27-шағын ауданның жауапты учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Бұл аумақта шамамен 14 500 тұрғын тұрады.

Күн сайын Әзімбек Саттар дереу шешім қабылдауды талап ететін көптеген мәселе мен жағдайларға кезігіп жатады. Учаскелік инспектордың жұмыс күні бос болмайды: кездесулер, жиындар, есептегі адамдардың тұрғылықты жері бойынша рейдтер, тәулік ішінде түрлі сипаттағы шақырулар, кеңестер, профилактикалық жұмыс. Учаскелік инспектор күнделікті қызметте тек қолданыстағы заңнаманы біліп қана қоймай, психологиялық дағдыларды да басшылыққа алады, адам тағдырының әрбір тарихын, әрбір өмірлік жағдайды, отбасылық “драманы” өзі арқылы өткізіп, содан кейін құқықтық бағалау және жалпы жағдай негізінде шешім қабылдайды.

Әзімбек әкімшілік аумақ тұрғындарының және тікелей басшылығының пікірі бойынша полицияның үздік учаскелік инспекторларының бірі, сонымен қатар бақытты отбасының отағасы, үш баланың сүйікті, қамқор әкесі.

Тәртіп сақшысына физикалық жағынан да шымыр болу міндеттеледі. Әзімбек спортта да ешкімнен кем түспейді. Әсіресе, еркін күресті ұнатады, бос уақытында қызығушылықпен айналысады.

– Мен мектеп қабырғасында жүрген кезімнен полиция қызметкері болуды, погон тағып, елге қызмет етуді армандаған болатынмын. Арманға жету үшін алдыма үлкен мақсаттар қойдым, оқушы Әзімбектің бала арманы бүгінде орындалды. Мен осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, алдыңғы шепте болып, полицияның сыртқы қызмет саласында халықпен жақын байланыста жұмыс жасаған маған ұнайды, – деді арманын қызметіне айналдырған полиция қызметкері

Өз міндеттерін адал атқарғаны үшін қала әкімдігі, полиция басшылығымен бірнеше мәрте марапатталған. Өзінің жеті жыл қызметінде үлкен тәжірибе жинап үлгерген учаскелік инспектор күнделікті күтпеген оқиғаларға әрдайым дайын болып отыратындығын жеткізді.

– Қызмет барысында адам өмірін сақтап қалатын сәттер де болады. Бұл енді біздің тікелей азаматтық борышымыз деп білемін. Алайда ондай шақыртуларға барғанда да абдырап қалмай, жылдам әрекет ете білуде маңызды, – деп атап өтті учаскелік инспектор.

22 мамыр күні 17 жастағы қыз биіктіктен секіріп, өз өзіне қол жұмсамақ болғанда, жас қызды өлімнен арашалап қалғандардың қатарында Әзімбек те болды. Ол оқиға орнына алғашқы болып жетіп, әріптестерімен бірге жедел әрекет ету арқылы суицидтің алдын алды.

– Адамдардың көзінен шынайы ризашылықты көріп, олардан алғыс естуден асқан бақыт жоқ. Халыққа жақын полиция болу – әрбіріміздің міндетіміз, – деп қорытындылады халық қорғаны Әзімбек Саттар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру