Талдықорғанда марихуананың ірі партиясымен есірткі сатушы ұсталды
Талдықорғанда марихуананың ірі партиясымен есірткі сатушы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Талдықорған қаласында есірткі сату нүктесін анықтау бойынша арнайы операцияны полицейлер ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді.
Құқық қорғау органдары 40 грамнан астам марихуана сатуға әрекет еткен 39 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін санкцияланған тінту кезінде шамамен 27,5 келі каннабис тектес есірткі табылды.
– Аталған дерек бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.