Қарағанды облысының бас полицейі жас спортшылармен кездесті
Облыстың бас сақшысы Санжар Әділов Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатына барып, жас спортшылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ондағы мақсат – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға спортта жүрген жастарды тарту болып отыр.
– Сіздер біздің болашағымыз, біздің үмітіміссіздер. Спорт арқылы сіздер жас буын өкілдері арасында патриотизм сезімін ұялататын бірден бір маман болып қалыптасасыздар. Сондықтанда сіздер ең алдымен заңдылықты сақтап, қылмысқа қарсы тұру кезінде өз қатарларыңызға үлгі болады деп сенемін. Әрине, біз сіздерден спортта үлкен жетістіктер тілейміз. Ал оған жету үшін нашақорлық, ішімдік ішу сияқты жаман әдеттерден аулақ болуларыңыз қажет. Сонда ғана сіздер спорттың биік шыңына жетесіздер, – деді Санжар Әділов.
Кездесу барысында департамент бастығы жастарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің де қай кезден басталатынын естеріне салды.
Кездесу барысында облыстық ПД бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерден Халилинмен оқу орнының бай тарихымен танысып, спорт сыныптарын аралап, жаттығып жатқан балалармен кездесті.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, мектеп-интернатының 33 тәрбиеленушісі 6 жазғы және 3 қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Соның бірі – боксшы, екі дүркін әлем чемпионы, ХХХ Олимпиада ойындарының чемпионы, Баркер кубогының иегері атанған Серік Сәпиев екені белгілі.