Өзгенің оталып тұрған көлігін айдап кеткен астаналық азамат анықталды
Өзгенің оталып тұрған көлігін айдап кеткен астаналық азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны түнде Бабатайұлы көшесіндегі техникалық қызмет көрсету бекетінің ауласында BMW автокөлігін ұрлап кеткенін айтып арызданған. Көлік иесі аз уақытқа кетіп қалып, қайтып оралған кезде есігі ашық, оталып тұрған көлігін бейтаныс ер адамның жүргізіп бара жатқанын көрген. Жәбірленуші ұрының артынан жүгіргенмен, оны қуып жете алмаған.
Анықталғандай, өтіп бара жатқан жолаушы көліктің отаулы күйде есігі ашық тұрғанын көріп, оны ұрлап кеткен. Ұрланған көлікпен бірнеше көше бойымен жүріп, қаскүнем оны Кенжина көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысында қалдырып кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа ауданының полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 27 жастағы азаматты анықтап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды көліктен шығарда қырағы болып, барлық есік-терезелердің сенімді жабылғанын тексеруді ескертеді. Ұрлықтың алдын алу және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшылары көлік иелеріне көліктерін қауіпсіз тұрақтарға қойып, дабыл жүйесін орнатуды ұсынады.