«Қорғау» бағдарламасы: Астана полицейлері 13 мыңнан астам автоборышкерлерді анықтады
Астаналық полицейлер «Қорғау» бағдарламасының көмегімен 13 мыңнан астам автоборышкерлерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автоматты басқарудың тиімділігін арттыру үшін жол көлік қозғалысын бақылау мақсатында Ішкі істер министрлігі «Қорғау» бағдарламасын әзірлегені белгілі. Бағдарлама көше камераларынан алынған деректерді талдай отырып, жақын маңдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізушінің келе жатқаны туралы белгі береді. Бұл жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзып, көлікті жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізуші болуы мүмкіндігін ескертеді.
Айта кету керек, елордалық полиция департаментінің қызметкерлері бұл жүйенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Атап айтқанда, астаналық тәртіп сақшылары «Қорғау» бағдарламасының көмегімен қала көшелеріндегі көлік тәртібін жақсартып қана қоймай, алимент пен әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар, заңды және жеке тұлғаларға берешегі бар автокөлік борышкерлерін де анықтап жатыр.
Мәселен, полиция қызметкерлері балаларына 8,2 миллион теңге қарыз болған 35 жастағы Toyota автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Сонымен қатар жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде тағы бір жапондық көлік иесінің 22 миллион теңге қарызы бары анықталып, екі көлік те айыптұраққа қойылды.
Ал, жыл басынан қалалық жол полициясының саптық бөлімшелері «Қорғау» бағдарламасы арқылы 734 миллион 313 мың теңге көлемінде айыппұл төлемеген 13 483 автокөлік иелерінің қарызы барын анықтады. Жалпы, жүйе іске қосылғаннан бері Астанада 460 автокөлік қамау алаңына қойылып, жалған нөмірмен автокөлікті басқарудың 106 фактісі анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 жылға көлік басқару құқықтарынан айырылды.