Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Қарқаралы ауданына барды

Облыстың бас сақшысы Санжар Әділов жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы алдымен ауданға қарасты Көктас елдімекенінде учаскелік полиция пунктінің жұмыс барысымен танысып, ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат алды.

Осыдан кейін аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Жұмабеков департамент бастығына келесі жылы жаңадан бой көтеретін аудандық полиция бөлімі ғимаратына бөлінген жер телімін көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жұмыс сапары барысында Санжар Әділов аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы және ардагерлерімен кездесіп, Ішкі істер министрлігі тарапынан полицияның алдына қойған міндеттерді жеткізді.

– Қарқаралы ауданының полиция бөлімі қылмысты ашу, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бағытында облыс бойынша бірінші орында. Бұл осында отырған барша қызметкерлердің еңбегі деп ойлаймын. Егер полиция мен халық бір тұтас болмаса, онда осындай жетістік болмас еді. Сондықтанда сіздерге баршаңызға алғыс білдіремін, – деді Санжар Әділов.

Айта кету керек, биылғы жылдың алты ай қорытындысы бойынша Қарқаралы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алуда оң көрсеткіштерге қол жеткізген. Бұл әрине жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп алдын алу шараларының тиімділігі екені сөзссіз.

– Полиция қызметі бұл өте жауапты, қызығы мен қиындығы қатар жүретін абыройлы. мәртебелі мамандық. Осында жүзден астам жеке құрам бар. Барлығы да елге күн-түн демей, кірпік ілмей осы елдің тұрақтылығы үшін, заңдылықтың сақталуы үшін қызмет етіп жүр. Полиция қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Қордаланған мәселелер аз емес. Жасалған жұмыс та бар. Бірақ, алдымыздағы міндет ауқымды. Осылардың барлығын сіз бен біз бірге істесек, барлық мәселені шешуге болады. Орайы келгенде осында отырған жеке құрамға, зейнетке шықса да, жастарға жол көрсетіп келе жатқан ардагерлерге алғысымды білдіремін, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Жеке құрам және ардагерлермен кездесу соңында департамент бастығы қызметінде үздік нәтижелерге қол жеткізген тәртіп сақшыларын, сыңдарлы жылдар бойы ішкі істер саласында еңбек етіп, бүгінгі күнге дейін жастарға жол көрсетіп жүрген ардагерлерді және үздік қызметкерлердің ата-аналарын марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру