Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл СҚО-да 300-ге жуық жанжалқор әкімшілік қамауға алынды

СҚО-да жыл басынан 300-ге жуық жанжалқор отбасыларында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1402 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 296 құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды. СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасында атап өткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы басым бағыттардың бірі.

1 шілдеден бастап отбасылық жанжалқорларға қатысты жауапкершілік күшейді: полиция қызметкерлері тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Бұрын тек арыз жазылған жағдайда ғана шаралар қолданылатын.

№ 8 учаскелік полиция пунктіне Уәлиханов көшесіндегі жатақханалардың бірінің 76 жастағы тұрғынынан қоңырау келіп түсті. Қарт әйелдің айтуынша, оның 52 жастағы ұлы маскүнемдікке салынған. Үйде жанжал шығаруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы жазылып, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны, сот шешімін орындамағаны, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені және масаң күйде жүргені үшін әкімшілік заңнаманың бірден үш бабы бойынша хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ер адамға 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы және қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды.

– Бұдан былай тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұрын отбасылық жанжал фактісі бойынша жиналған материалдардың жартысына жуығы сот отырысында татуласуға және жәбірленушінің өз жауабын өзгертуіне байланысты тоқтатылатын. Жәбір көрген тұлғалар жанжал шығарушының қысымының не болмаса туыстарының өтінішінің нәтижесінде жауабын өзгертетін. Енді тек бір рет қана сот арқылы татуласуға болады. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, – дейді СҚО ПД ЖПҚБ бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты барлық сұрақтар бойынша солтүстікқазақстандықтар өздерінің учаскелік полиция инспекторларына, 150 нөмірі арқылы республикалық call-орталыққа, +7-777-504-77-73 нөмірі арқылы әйелдерді қолдау орталығына немесе “102” арнасы арқылы жүгіне алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру