Қызылорда облысының полицейлері жаңа оқу жылы қарсаңында күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Қызылорда облысының полицейлері жаңа оқу жылы қарсаңында күшейтілген жұмыс режиміне көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 тамызда өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитовтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг барысында жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың жолдағы қауіпсіздігі туралы айтылды.
Балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда және оқу жылының басталуымен оған ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балалардың қауіпсіздігі бағытында шаралар қабылданып жатыр. Осыған орай, полиция қызметі күшейтілген кестеге көшіріліп,1 қыркүйек – Білім күні барлық оқу ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 594 қызметкер және 139 автокөлік жұмылдырылатын болады. Жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап, күнделікті мектеп алдындағы жол өткелдерінде балалар травматизмінің алдын алу мақсатында таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаратын болады.
Республика көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыз, балалар!» іс-шарасы аясында облыстағы 295 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, жол белгілері, жол үсті таңбаларына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 258 нұсқама, 8 ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған 31 жасанды кедергі, 100 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 75-і орнатылды. Мектеп алдындағы 91 жаяу жүргінші өткелінің таңбалары жаңартылды.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын жолкөлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық шаралар қабылданып жатыр. («Абайлаңыз, балалар!», «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!», «Балалар, жолда абай болыңдар!», «Мектепке жол»).
Балалардың түнгі мезгілдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін киімдерінде жарық қайтарғыш элементтер болуы қажеттігі жөнінде парақшалар таратылады. Оқушылармен жол жүрісі ережелерін сақтауға және тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғыларын пайдалануды насихаттауға бағытталған аудио, бейнероликтер қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда көрсетілетін болады.
Атқарылған профилактикалық жұмыстарға қарамастан, есепті мерзімде облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалар саны 34%-ға (55-тен 74-ке), жарақат алғандар 36%-ға (58-ден 79-ға) өсіп отыр. Қайтыс болған кәмелетке толмағандар 56%-ға (9-дан 4-ке) төмендеді. Қайтыс болған 4 баланың екеуі – жаяу жүргінші, екеуі – жолаушы. Жарақат алған 79 баланың 45-і немесе 62%-ы жаяу жүргінші болса, 34-і (38%-ы) жолаушы болған.
Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүріс бөлігін белгіленбеген жерден және бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуі, кенеттен жақын келе жатқан көліктің алдына шығуы. Көлік басқару құқығы жоқ болса да рөлге отырған 82 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына және көлік иесіне әкімшілік шара көрілген. Дегенмен, облыста көлік басқарған кәмелетке толмағандармен 7 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір жасөспірім қайтыс болды, сегіз адам жарақат алды.
Сонымен қатар айта кететін мәселе – балалардың электросамокаттар мен гидроскутерлерге қызығушылық танытуы. Осыған орай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысымен жол жүрісі туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, 30 тамызда күшіне енді. Қабылданған жаңа Заңға сәйкес, электросамоакаттар веложолдарда, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақтың бойымен бір қатарда 25 км. жылдамдықпен қозғала алады және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар басқара алады. Шлем кию міндетті.
Электросамокаттар тротуарда 6 км. сағат жылдамдықпен қозғалады. Тәуліктің қараңғы уақытында электросамокат жүргізушілерінде жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы қажет, яғни ол кез келген киім болуы мүмкін, күртеше, қалпақ, жилет аяқ киім, рюкзак және арнайы жарық қайтарғыш ленталар.
Электросамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдағаны үшін және жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы мен 620-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.