Шымкентте көршілерінің көлігін аккумуляторсыз қалдырған әккі ұры ұсталды
Шымкентте көршілерінің көлігін аккумуляторсыз қалдырған әккі ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұран АПБ-ның қызметкерлері ұқсас мазмұнды арыздар бойынша бес ұрлық дерегін тіркеді.
Көршілес орналасқан екі көшенің тұрғындары Қазығұрт шағын ауданының аумағында автокөлік батареяларын ұрлаумен айналысатын белгісіз біреу барын айтып шағымданған.
Арызданушылардың сөзінше белгісіз біреу түнде аулада тұрған көліктердің аккумуляторларын алып кеткен.
Полицейлер оқиға болған жерлерден күдіктіні анықтауға мүмкіндік беретін барлық айғақтарды жинады. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде әккі ұрының жеке басы анықталды.
Ол жәбірленушілердің бұрын сотталған 25 жастағы көршісі болып шықты. Ер адам шартты түрде жазасын өтеп жатқан қылмысын қайта жасап үлгерген. Қазіргі таңда, ұрланған заттардың бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды.
– Күдікті тұрғылықты жері бойынша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Үй-жайға немесе көлік құралына заңсыз кіру арқылы бірнеше рет жасалған ұрлық) бойынша жүргізіліп жатыр, – деді Тұран АПБ-ның тергеушісі Дінмұхамед Баймахан.