ШҚО-ның үш тұрғыны қызық үшін қала мүлкін бүлдірген
ШҚО-ның үш тұрғыны қызық үшін қала мүлкін бүлдірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қыркүйек күні Серебрянск қаласы полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз адамдар бес жол белгісі мен автобус павильонының үш металл қабырғасына зақым келтіргені туралы хабарлама келіп түскен. Келтірілген шығын 1 миллион теңгеден асады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер «ізін суытпай» үш күдіктіні анықтаған. Олар 26 және 18 жастағы ағайындылар және олардың17 жастағы танысы болып шықты.
Бұзақылардың айтуынша 7 қыркүйек күні кешкісін үшеуі үйге қайтып бара жатып, араларындағы үлкені жол белгісін тепкілей бастаған. Оны қызық көрген 17 жасар бала ағасының ісін қостаған. Осы кезде үшінші күдікті бағанаға шығып, жол белгісін қолымен майыстырған.
Автобус аялдамасы тұсынан өтіп бара жатып ағайындылар аяқтарымен металл қабырғаларды зақымдаған, ал олардың досы осы уақытта аялдамаға қарама-қарсы орналасқан жол белгісінің бағанасын майыстырған. Осыдан кейін олар үйлеріне қайтып кеткен, болған оқиға туралы ешкімге айтпаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бап бойынша үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.