Шымкентте полицейлер жоғалған 6 баланы іздеп тапты
Шымкентте полицейлер жоғалған 6 баланы іздеп тауып, отбасыларына амен-есен табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жоғалғандардың барлығы 15 және 16 жастағы жасөспірімдер. Олардың ата-аналары балаларының отбасындағы жанжалдан кейін үйден шығып, қайта оралмағаны туралы полицияға хабарлады.
Тәртіп сақшылары өтпелі кезеңдегі екі ұл мен төрт қызды тауып, аз уақыт ішінде аман-есен үйіне жеткізді. Мектеп оқушыларының бірі жай көшеде жүрсе, енді бірі жолдастарының үйінде қонақта болған. Жеткіншектердің мұндай мінез-құлық көрсетуіне үлкендердің бақылауынан құтылып, қалағанын істеуге ұмтылуы себеп болғаны анықталды.
Мәселен, жігіттердің бірі ғашық болғанын, бірақ анасы оған қызбен кездесуге тыйым салғанын жеткізді. Тағы бір бойжеткен бұл әрекетін ата-анасынан бөлек тұрғысы келетінімен түсіндірсе, енді бірі достарына кешке дейін сыртта жүруге рұқсат етілгенімен, іс жүзінде оған рұқсат жоқ деп шағымданды.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Жеткіншектердің ата-аналары полиция қызметкерлеріне жедел жұмыс атқарып, өзгенің басына түскен іске немқұрайлы қарамағаны үшін шынайы алғыс білдірді.
Шымкент қаласы полиция департаменті баланың үйден өз бетінше кетуінің соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Бұған жол бермеу үшін ата-аналарға қырағы болу ұсынылады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың айналасына назар аударып, оның достарының мекенжайы мен байланыс нөмірлерін біліп жүру керек. Полицейлер баланың бос уақытын алдын ала жоспарлап, ұйымдастырып, күн сайын оның жетістіктері мен қиындықтары туралы сөйлесу қажет екенін еске салды.