Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, саябақтар мен ойын-сауық мекемелерінде рейдтер жүргізуде. Негізгі назар түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға, буллинг пен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Рейдтің алғашқы тәулігінде полиция бөлімдеріне 114 жасөспірім жеткізіліп, 119 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, 78 құқық бұзушылық балалардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне байланысты тіркелді. Сондай-ақ жасөспірімдердің түнде ойын-сауық орындарында болуына қатысты 5 дерек анықталды. Сонымен қатар екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ал 10 кәмелетке толмаған бала мен бір қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.
Рейд барысында балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар да тіркелді.
Мәселен, Қордай ауданында 12 жастағы жасөспірім бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан, теміржол арқылы жылқы өткізбек болған.
Тағы бір жағдайда түнгі уақытта қалалық саябақта ата-аналарын алдап, серуендеуге шыққан екі жасөспірім анықталды.
Аталған екі жағдай бойынша да жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылауда ұстап, олардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз көшеде болуына жол бермеу қажеттігін ескертеді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасады.
