Таразда студенттер жатақханаларында профилактикалық рейд жүргізілді
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында М.Дулати атындағы Тараз университетінің №1 және №2 студенттер үйінде есірткіге қарсы кездесу және профилактикалық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері университет өкілдері, кинологиялық қызметі, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесімен бірлесіп өткізді.
Кездесу барысында студенттерге "Не книжные закладки" атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Одан кейін есірткі және синтетикалық заттарды тұтынудың зардаптары, сондай-ақ оларды заңсыз сақтау мен таратқаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Әсіресе есірткіні интернет, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратудың заманауи тәсілдеріне, соның ішінде жасырын орындарға есірткі қалдыру әрекеттеріне ерекше назар аударылды. Жастарға күмәнді ұсыныстарды ажырату және заңсыз есірткі айналымына кездейсоқ араласып кетпеу жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жатақханалардағы тұрғын бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын орындарды аралап, профилактикалық тексеру жүргізді. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, ықтимал қауіп-қатерлерді анықтау және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кинологиялық қызметтің көрсетілімі студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қызметтік иттер есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, жоғалған адамдарды іздеу, сондай-ақ шартты құқық бұзушыларды ұстау кезіндегі дағдыларын көрсетті. Жастар кинолог пен оның төрт аяқты серіктесінің кәсіби дайындығы мен үйлесімді жұмысының маңызын көзбен көрді.
Мұндай іс-шаралар есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алумен қатар, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, есірткіге қарсы иммунитетін нығайтуға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
