Алматыда қоғамдық орындарда түкірген 100-ден астам адамға айыппұл салынды
Алматыда қоғамдық орындарда түкірген 100-ден астам адамға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған дейін хабарланғандай, Алматыда полицейлер қоғамдық орындарды ластау деректерін анықтау және жолын кесу мақсатында рейд жүргізіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – азаматтардың қаланың эстетикалық келбетіне әсер ететін жалпы қабылданған іс-әрекет нормаларын сақтауға үгіттеу.
– 15-22 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 234 дерегі анықталды. 103 жағдайда түкірген азаматтарға айыппұл салынды. Осы деректер бойынша құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 1 млн 770 мың теңгені құрады. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін жалпы сомасы 84 млн 559 мың 500 теңгеге 4902 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.