Жезқазғанда заңсыз жұмыс істеген Нигерия азаматы анықталды
Жезқазғанда заңсыз жұмыс істеген Нигерия азаматы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Ұлытау облысы Жезқазған қаласының полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 31 жастағы Нигерия азаматын анықтады.
Құқық бұзушының айтуынша, ол Жезқазғанға оқу орындарының бірінің шақыруымен ағылшын тілі пәнінің оқытушысы ретінде келген.
Шетелдікті ҚР ӘҚБтК-тің 517-бабы 5-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, жұмыс беруші ҚР ӘҚБтК-тің 519-бабы (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.