Көлік полицейлері шетелдік жалған террористті ұстады
Көлік полицейлері шетелдік «жалған террористті» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның «102» пультіне белгісіз тұлғадан Астана – Санкт-Петербург бағытындағы әуе рейсі миналанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Хабарламаны тексеру үшін дереу шұғыл қызметтер жұмылдырылып, бортты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде қандай да бір жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Бұл туралы Көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев айтты.
Оның айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік полицейлері 36 жастағы шетелдік азаматты ұстады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қаскүнем өз кінәсін мойындады. Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Б. Малыбаев терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау айтарлықтай күш пен қаражаттың жұмсалуына әкеп соқтыратынын атап өтті: кіру жолдары жабылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршап алады, адамдар мен қызметкерлерді эвакуациялау жүргізіледі, өрт және жедел жәрдем қызметтері, жарылыс техникалары мен кинологтар тартылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, бір сөзбен айтқанда әуежайлар мен теміржол вокзалдарының жұмысына тосқауыл қойылады. Сондай-ақ, «жалған террористер» көрінеу жалған хабарлаудың соңы қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескермейді.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни, терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау – бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Сонымен қатар кінәлі адам сот шешімі бойынша оқиға орнына жалған қоңырау шалу арқылы шақырылған жедел ден қою қызметтерінің шығындарын толық көлемде өтейді, – деп көліктегі ПД бастығы.