Қызылорда облыстық ПД басшылығы ардагерлерге сый-құрмет көрсетті
Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшылығы ардагерлерге сый-құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қызылорда облысының полиция департаменті мен ПД Ардагерлер кеңесі бірлесіп, сала ардагерлеріне арнап дастарқан жайды. Ұзақ жылдар бойы азаматтардың өмірі мен құқын қорғауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ішкі істер саласында қажырлы еңбек еткен ардагерлер бүгінде құрмет төрінде. Шараның шымылдығын полиция департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов ашып, ардагерлерді шын жүректен келе жатқан мерекемен құттықтады.
– Қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қараймыз және атқарған еңбектерін жастарға үлгі етеміз. Бұл біздің қоғам алдындағы азаматтық парызымыз саналады. Ердің атын қашан да еңбегі шығарары сөзсіз. Өмір бойы табанды еңбек етіп, күш-жігерімен қайраткерлік танытқан қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетіп отырмыз. Ардагерлерге деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды. Бүкіл ардагерлер қауымын 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, береке, бірлік тілеймін, – деген лебізін білдірді Амиржан Утегенов.
Сонымен қатар абзал ардагер ағалар мен қадірлі асыл аналарды іс-шараның қадірменді ардагерлері Тастемір Рахимов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
Мерекелік шара барысында ішкі істер органдарының 70-ке жуық ардагері марапатталды. Ғұмыры ғибратқа толы ардагерлеріміздің құрметіне ұйымдастырылған шара мерекелік концертке ұласты. Өз кезегінде ардагерлер сөз алып, құрмет көрсеткен департамент басшылығына шынайы алғысын білдірді. Қазыналы қарттарымыз көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.