Алматыда есірткі сатушыдан ірі көлемде марихуана тәркіленді
Алматыда есірткі сатушыдан ірі көлемде марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының Наурызбай ауданында есірткі сатушыны ұстау бойынша арнайы іс-шара жүргізілді. Полицейлер қалаға кіре берісте Жамбыл облысынан таксимен келе жатқан 45 жастағы Д.есімді азаматты ұстады.
– Д.есімді азаматты жеке тінту барысында оның жол сөмкесінен құрамында ерекше иісі бар, қара-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған бума табылды және тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы екі келіге жуық болатын марихуана есірткі заты екені расталды. Одан әрі күдіктінің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту барысында тағы 970 грамм марихуана табылды. Ол бөлініп, сатуға дайын тұрды. Айтпақшы, біздің жедел деректерге сәйкес, ұсталған азамат қалада есірткі сатумен айналысқан. ҚР ҚІЖК-нің 128-бабына сәйкес ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.