Астана полицейлері супермаркеттен ұрлық жасаған азаматтарды ұстады
Астана полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында супермаркеттен қымбат виски ұрлаудың екі фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші факті Нұра ауданында орналасқан дүкенде болған. Тергеу барысында белгісіз ер адамдар кешкі уақытта супермаркетке келіп, іс-әрекеттерін ешкім бақылап тұрмағанына көз жеткізіп, 173 мың теңге тұратын Macallan, Sherry Oak деп аталатын вискиді жасырын алып, тауарлар сөресіне бос қорабын қойып кеткені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізе отырып, аталған ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 25 және 27 жастағы қала тұрғындарын анықтады.
Келесі жағдайда 27 жастағы ер адам қаланың сол жақ жағалауындағы супермаркетке келіп, сатушы сауда залында болмаған кезді пайдаланып, сөреден 2 бөтелке Jameson вискиін жасырын дорбасына салып, дүкеннен шығып кеткен. Келтірілген шығын 114 мың теңгеден астам соманы құрады.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ер адамдардың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.