Елордалық мешітте тұрғынның Hugo Boss брендтік аяқкиімі ұрланды
Елордалық мешітте тұрғынның Hugo Boss брендтік аяқкиімі ұрланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны аяқ киім ұрлығы бойынша хабарласып, арыз жазған. Ер адамның айтуынша, мешітте жұма намазын оқып жатқан кезде оның құны 160 мың теңге тұратын Hugo Boss кроссовкасы жоғалып кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында елордалық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық жасаған кезде бейнебақылау камераларына түсіп қалған 20 жастағы азаматты анықтаған.
– Белгілі болғандай кадрда сөренің жанында аяқ киімдерді қарап жатқан жігітті көруге болады. Ол өзіне ұнаған аяқ-киімді таңдап алып, оны киіп көріп, мешіттен шығып кеткен. Аталған күдіктіні ұстаған кезде оның аяғында ұрланған кроссовка болған, – деп атап өтті сақшылар.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіт кінәсін мойындап, оның елордада бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғына тиісті тергеу жүріп жатыр.