Жетісу облысында орманнан мыңға жуық ағашты заңсыз кескен күдіктілер жауапқа тартылады
Жетісуда жол бойындағы орманнан мыңға жуық ағашты заңсыз кескен екі күдікті жауапқа тартылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл факт Ақсу ауданында тіркелді. Онда құқық қорғау органдары жаңа кесілген ағаш пен жүк тиелген тіркемесі бар жүк көлігін ұстады. Тексеру барысында Қызылағаш және Сағабүйен кенттері арасында заңсыз ағаш кесілгені анықталды.
– Орман алқабында барлығы 1000-ға жуық ағаш кесілген. Көлемі мен келтірілген залал әзірге анықталып жатыр. Осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 340-бабының 3-бөлімі 1,4-тармақтарында көзделген қылмыстық іс қозғалды, – деді Ақсу ауданының полициясы.
Заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша Талдықорған мен Алматыдан келген 38 және 28 жастағы екі тұрғын күдікке ілінді. Ұсталғандарға қатысты келу туралы міндеттеме процедуралық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.