Петропавлда жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарықдиодты жол белгілері орнатылып жатыр
Петропавлда жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарықдиодты жол белгілері орнатылып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаяу жүргіншілердің, әсіресе өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — полицияның маңызды міндеттерінің бірі. Солтүстік Қазақстан облысы жолдарында жыл басынан бері 327 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 113-і жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Тіркелген жол апаттарының 25-і жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған. Жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыруға бағытталған рейдтерден бөлек, тәртіп сақшылары жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына ден қоюда. Себебі, инфрақұрылымның жағдайы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі саналады.
Өткен аптадан бастап полицейлердің ұсыныстары бойынша оқу орындары мен адамдар көп жиналатын орындарға жақын орналасқан Петропавл көшелерінде жол белгілері жаңартыла бастады. Жол белгілерін жарықдиодты шамдармен жабдықтай бастады, бұл оларды қараңғы уақытта, кез келген ауа райында анық көруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қысқы көшелерде қараңғы уақытта бірінші ауысымда оқитын оқушылар сабаққа барғанда өзекті. Жергілікті тұрғындар бұл жаңашылдықты толығымен қолдап жатыр.
– Бұл жерде балалар жиі өтеді. Жаңа үйлер салынып жатыр. Жақын жерде супермаркет те бар. Жақсы жасалған. Енді жүргізушілерге мұқият болу керек, – дейді Петропавлдағы қозғалыс көп Н.Назарбаев көшесіндегі үйлердің біріндегі пәтер иелері кооперативінің 57 жастағы төрағасы.
Облыс орталығының жол желісінде жарықдиодты жарықтандырылған белгілермен жабдықталған барлығы 46 жаяу жүргіншілер өткелі орнатылған. Қазір тағы 10 жаяу жүргіншілер өткелінде белгілер жаңартылуда.
– Жаңа оқу жылының қарсаңында мектептер мен колледждердің маңында 15 қосымша жасанды кедергі, қажетті жол белгілері орнатылып, оларды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жол үстіне таңбалар салынуда. Полиция департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп, жол қозғалысы жағдайын жақсарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр, — дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.