СҚО полицейлері жыл басынан бері 50 есірткі жасырушыны ұстады
СҚО полицейлері жыл басынан бері 50 есірткі жасырушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Көп күш жұмсамай-ақ мол табыс табуға болады», «Күніне екі сағаттық жұмыс үшін 40 мың теңге төлейміз» – есірткі сатушылар осындай сипаттағы хабарландырулар жариялап, қылмыстық бизнеске адамдарды тартады. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге телміріп отырған жастар осал топқа айналуы мүмкін. Қаскөйлер олардың арасынан есірткі жасырушыларды іздейді. Полицейлер жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында есрткі өткізді деген күдікпен 50 адамды ұстады, оның 37-сі 25 жасқа дейінгілер, 3-і – кәмелетке толмаған.
СҚО полицейлері әлеуметтік желілерде де есірткіге қарсы іс-қимылды белсенді жүргізуді қолға алды. Бірер күн бұрын креативті бейнеролик жарыққа шықты. Оқиғада есірткі сатушылардың ұсынысына келіскен кейіпкер жасөспірімнің қысқаша өмірі суреттеледі. Полицейлердің сценарийі бойынша аталған бейнероликті «Qyzyljar» телеарнасының ұжымы түсіріп, монтаждап шықты. Басты рөлді Петропавлдағы өнер колледжінің 4-курс оқушысы Әли Айтов орындады. Ол бұған дейін көктемде осыған ұқсас тақырыпта әзірленген бейнероликке түсті. Бейнеролик Instagram, YouTube және Tik-Tok желілерінде 10 мыңнан астам қаралым жинады.
– Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері шығармашыл адамдармен және ұжымдармен көп жылдар бойы қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. «Первый северный» телеарнасы, «QZ media» және «Open Petropavlovsk» ақпараттық порталдары, Петропавл колледждері бейнероликтер, подкасттар, флешмобтар және екі бөлімнен тұратын әрі YouTube желісінде қолжетімді. «Тұздар мен спайстар. Құрдымға апарар жол» деп аталатын деректі фильмді түсіруге көмектесті. Бұл жастар арасында танымал желілерде және қызықты форматтағы профилактикалық жұмыстар, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Бейнероликтер LED-экрандарда және жарық диодты сетевизорларда көрсетіледі. Кинотеатрларда кино сеансына келген көрермендер тамашалайды. Басқарма қызметкерлері білім ошақтарында студенттермен, оқушылармен кездесулер өткізген кезде осы бейнероликтерді көрсетіп, бірде-бір есірткі курьері мен есірткі жасырушылар байлыққа кенелмегенін айтады. Қылмыскерлер мол табысты уәде етіп, адамдарды алдайды. Бұған есірткіге тәуелді адамдар келіседі. Олар бір доза үшін жұмыс істеуге дайын. Бұндай жұмыстың мерзімі әдетте 3-4 айға созылады. Кейін полиция қызметкерлерімен ұсталып, тағдырларына балта шабады.Биыл есірткі өткізгені үшін 32 солтүстікқазақстандық сотталды.