Атырауда жыл басынан абаттандыру ережелерінің 1 мыңға жуық бұзушылығы тіркелді
Атырауда жыл басынан бері абаттандыру ережелерінің бір мыңға жуық бұзушылығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы ПБ-ның учаскелік полиция инспекторлары қаланың абаттандырылуын бақылау бойынша тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды жүргізуде.
Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары қала әкімдігі және арнайы автобаза қызметкерлерімен біріккен «ТАЗА ҚАЛА» WhatsАpр чаттары да жұмыс істейді. Чатта қоқыстарды, тұрмыс қалдықтарын белгіленбеген жерге төгетін қала тұрғындарының бейнежазбалары жолданып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданады.
Мәселен, жыл басталысымен учаскелік полиция инспекторларымен абаттандыру ережелерін бұзудың шамамен бір мыңға жуық фактісі анықталған. Барлық тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабымен (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу, сондай–ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қалалар мен елді мекендердің жасыл алаңдарын жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын және бұл құқық бұзушылықтар әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бірнеше рет жасалса, онда олар жеке тұлғаларға – 30 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын ескертеді.