Көкшетауда заңсыз қоқыс тастау фактілеріне бақылау күшейтілді
Әлеуметтік желілерде Көкшетау қаласындағы Саин көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінің маңына қоқыс үйіліп қалғаны түсірілген бейнежазба тарады. Алайда жүргізілген тексеру барысында аумақтың ластануына тұрғындардың өздері тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастауы себеп болғаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындардың өтінішінен кейін оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары барып, жағдайды бақылауға алды. Тазалық жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында тәртіп сақшылары коммуналдық қызмет өкілдерімен байланысып, аумақты қоқыстан тазарту шараларын қолға алды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Кейбір азаматтар тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға шығарудың орнына үйлердің, гараждардың маңына тастап кетеді. Соның салдарынан бейберекет қоқыс үйінділері пайда болып, санитарлық жағдайдың нашарлауына әкеледі.
Тәртіп сақшылары заңсыз қоқыс тастау қаланың көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келтіретінін, сондай-ақ тұрғындардың денсаулығы мен санитарлық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін еске салады.
Осыған байланысты полицейлер тұрғындарды тазалыққа жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Егер заңсыз қоқыс тастау дерегіне куә болсаңыз, оны фото немесе бейнежазбаға түсіріп, "102" арнасына хабарлауға болады. Бұл құқық бұзушыларды анықтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
