Жалынмен арпалысқан сақшылар
2024 жылғы 22 тамызда Бородулиха ауданының Камышен ауылдық округінде болған өрт оқиғасы полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен тұрғындардың ауызбіршілігін көрсетті. Гаражда сақталған газ баллондарының жарылу қаупіне қарамастан, учаскелік инспектор Рашид Нұржанов пен полиция сержанты Әділ Қыдырманов жедел әрекет етіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Соның нәтижесінде адам шығынына жол берілмей, тұрғын үй мен көрші құрылыстарға зиян тиген жоқ, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тыныш ауыл кешін кенеттен тұтанған от бұзып, жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласындағы қосалқы құрылыстарды шарпыған. Сол сәтте үйде жалғыз болған кішкентай қыз түтінді бірінші байқап, еш кідірместен ата-анасына гараждың отқа оранғанын хабарлаған. Оның дер кезінде әрекет етуі қайғылы оқиғаның алдын алудағы ең маңызды қадамдардың бірі болды.
Оқиға туралы хабар алған үй иесінің анасы дереу жақын маңдағы полиция пунктіне жүгінген. Сол сәтте кезекшілікте болған учаскелік полиция инспекторы Рашид Нұржанов пен полиция сержанты Әділ Қыдырманов бір минутты да жоғалтпай оқиға орнына қарай бет алады.
Оқиға орнына жеткен бойда инспектор шұғыл түрде өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, өз әріптесімен бірге қолда бар құралдармен жалынды өшіруге тырысты. Алайда жағдай күрделене түскен: үй иесінің айтуынша, гараж ішінде екі газ баллоны болған, бұл өрттің кез келген сәтте жарылысқа ұласу қаупін арттырды.

Осы қауіптің алдын алу мақсатында Рашид Нұржанов дереу эвакуация ұйымдастырып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығарды.
– Сол сәтте біз үшін ең маңыздысы – адамдардың амандығы болды, – деп еске алды полиция қызметкері.
Өртті сөндіру жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсенді араласып, су құю және өрт ошақтарын оқшаулау іс-шараларын бірлесіп жүргізді. Үйлесімді әрекеттің нәтижесінде жалын қысқа уақыт ішінде толық бақылауға алынып, өрт сөндірілді. Нәтижесінде тек тұрғын үй ғана емес, көрші орналасқан қосалқы құрылыстар да сақталып қалды. Ең бастысы – адам шығыны мен ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болды.
24 жастағы полиция қызметкері бір үйді ғана құтқарып қоймай, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін өз мойнына ала білді.
Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің жұмысы тек құқықтық тәртіпті сақтау шеңберімен шектелмейтінін айқын дәлелдейді. Олар – төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте әрекет ететін, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап беретін мамандар.
