Айдалаға есірткі еккен арыстық тұрғын анықталды
Айдалаға есірткі еккен арыстық тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
“Қарасора-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ІІМ мен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, есірткі егістіктерін анықтауда.
Мәселен, аталған полиция қызметкерлері мен Ұлттық Ұланның “Бүркіт” арнайы жасағы бірлесіп, тікұшақ арқылы бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Арыс ауданы Байырқұм ауылы маңынан есірткіге ұқсас өсімдіктері бар егістікті анықтады. Бұл аймақ тікенек шөппен қоршалған.
Осы бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер аталған егістікті қарау барысында 146 түп есірткі затын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер сора болып шықты.
Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелді.
Полицейлер аталған есірткіні егіп, күтіп-баптаған арыстық ер адамды анықтады. Ол далалы, бос жатқан жерге есірткі еккенін мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде полиция қызметкерлері күдіктінің тыйым салынған құрамында есірткі заты бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.