10 қап қант алып, жалған түбіртек көрсеткен ер адам анықталды
Түркістан облысында 10 қап қант алып, жалған түбіртек көрсеткен ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның азық-түлік дүкенінен танысы 10 қап қант сатып алып, жалған түбіртек көрсеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 186 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда дереу іске кірісті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жас жігіт анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жігіт оңай олжалы болуды көздеген. Ол алдын ала қаптарды алып, көлігіне салып, соңғы қапты аларда жалған түбіртек көрсетіп, қантты алып, оқиға орнынан кетіп қалған. Ал қаптағы қантты сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу үшін сақ болуды ескертеді.