100-ден аса адамға жиын ұйымдастырған шымкенттік жауапқа тартылды
Шымкентте 100-ден аса адамның басын қосып, жиын өткізген той ұйымдастырушысы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының мониторинг жүргізу тобы Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 183/1 үйде орналасқан «Наурыз 777» тойханасында өтіп жатқан құдайы тамақ үстінен түскен. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына қарамастан, ұйымдастырушы тойға 100 адамнан аса қонақ шақырған.
Тойхана карантиндік талаптарды сақтамай, қызметкерлердің бір реттік пайдаланылатын бетперделерді тақпай жұмыс жасап жатқаны анықталды. Тойхана әкімшісіне қатысты жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Еңбекші ауданы Полиция басқармасының тәртіп сақшылары азаматтарды карантин режимін сақтауға шақырады. Қала тұрғындары салынған тыйымды елемей, әлі де той-жиын, құдайы өткізуді тоқтатпауда. Сол арқылы өздерінің ғана емес өзгелердің де өміріне қауіп төндіріп жатқанын ескерсе екен.