100-ден астам шетелдікті заңсыз тіркеген көкшетаулық анықталды
100-ден астам шетелдікті заңсыз тіркеген көкшетаулық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласы ПБ анықтау бөлімі ҚР ҚК 394-бабының 1-бөлігі (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Шетел азаматтарының болу орындарын, сондай-ақ оларды тіркеу орындарын тексеру барысында Көкшетау қалалық ПБ көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында болу ережелерін бұзу фактілерін анықтады.
Тексеріс жұмыстары барысында 49 жастағы жергілікті тұрғын Жақын шетелдің 109 тұрғынын тіркеуге өз келісімін бергені анықталды, ол бұл ретте шетелдіктер тіркелген жерде нақты тұрмайтындарын анық білген.
Аталған факті бойынша облыс орталығының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Келу туралы міндеттеме түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ақмола облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін еске салады.
Дәл осы іс-әрекет қылмыстық топпен жасалғанда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.