“102” мобильді қосымшасы арқылы келген хабарлама: дәлізге қоқыс тастаған әйел жазаланды
Түркістан облысында дәлізге қоқыс тастаған әйел жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Өткен жылдың басынан бері республика көлемінде халыққа ыңғайлы жаңа сервис, яғни 102 мобильдік қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл мобильді қосымша арқылы азаматтардың хабарламаларына тез арада жауап беріп, орын алған оқиғалар бойынша жедел шараларды атқарып, көмек қолын созуға болады.
Түркістан облысы бойынша 102 қосымшасы 2021 жылдың 10 қаңтарынан бастап жұмыс жасауда. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейінгі аралықта облыс көлемінде аталмыш қосымша арқылы полицейлерге жалпы 1713 хабарлама түскен. Бұл қоңыраулардың барлығы тіркеліп, әрбір хабарлама бойынша тәртіп сақшыларымен тиісті шаралар атқарылған. Олардың ішінде бейнехабарламалар саны – 50, аудиохабарлама – 97, мәтіндік жазбалардың саны 1566-ны құрайды.
Мәселен, мобильді қосымшаға құқық бұзушылық туралы хабарлама түсті. Яғни, көпқабатты пәтерлердің бірінде әйел дәлізге қоқыс тастап, теріс әрекет жасаған. Бұл бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының операторы Жамбыл Рыскелдиев жедел түрде учаскелік полиция инспекторын заңды шара көру үшін аталған мекенжайға жолдады. Осылайша құқық бұзушы әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша шара көрілді.
Қосымшаның тағы бір артықшылығы – оның белгілі әлеуметтік желілерге ұқсастығында, сондықтан да әр пайдаланушыға түсінікті, тиімділігі анағұрлым жоғары.