Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

15 адамды бас бостандығынан айыру мекемесіне қайтарды

Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері жыл басынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 15 адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру – учаскелік полиция инспекторларының міндеттерінің бірі болып табылады. Әсіресе, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар ерекше назарда. Бүгінде облыстағы осындай азаматтардың саны – 336.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандарға бірқатар шектеулер мен міндеттер қойылады. Олардың көңіл көтеру орындарына, түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына, полицияны хабардар етпестен елді мекеннен кетулеріне тыйым салынған. Сондай-ақ, олар ішкі істер органдарына келіп үнемі тіркеуден өтулері тиіс.

“Төтенше жағдай режиміне байланысты аталған тұлғалардан бұл міндет алынды”, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Мұның орнына учаскелік полиция инспекторлары оларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексереді. Бұл есепте тұрған тұлғалардың және олардың айналасындағылардың вирусты жұқтыру қаупін азайтады. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан тұлғаларға басқа да тұрғындар сияқты карантин кезінде үйден тек жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға, жұмысқа бару және қоқыс шығару үшін рұқсат етіледі.

Учаскелік полиция инспекторларының аталған санаттағы адамдарды тексеруі бұрын бір айда үш реттен кем болмаса, қазір екі есеге артты. Шартты түрде мерзімінен бұрын босау ережелерінің бұзушылықтары азайды. Айналасына бекеттер қойылған облыс орталығы мен аудандар, жабық тұрған көңіл көтеру орындары алысқа кетудің, спирттік ішімдіктерді ішудің жолын кесті. Бұлар заң бұзушылықтардың арасындағы кең таралғандары. Егер де аталған бұзушылықтар жиі орын алса, тәртіп сақшылары материал жинап, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға құқылы. Жыл басынан аталған материалдар негізінде 15 адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды.

Мойындарында соттылығы бар 1461 адам полицияда есепте тұр. Профилактикалық жұмыстар мен қадағалау шаралары олардың әрқайсысына қатысты күшейтілді. Сақшылардың бүгінгі міндеті – істі болып босап шыққандардың қоғамға бейімделуіне, отбасыларына оралуына жағдай жасау ғана емес, қауіпті індетке қарсы шарттардың сақталуын қадағалау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру