Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

16 тергеу изоляторының медициналық қамтамасыз ету саласы ДСМ-нің қарамағына өтті

16 тергеу изоляторының медициналық қамтамасыз ету саласы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ел бойынша 16 тергеу изоляторының медициналық қамтамасыз ету саласы 1 шілдеден бастап ІІМ-нен Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 19 шілдеде мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойды, оның аясында тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы функциялар Денсаулық сақтау министрлігіне берілді.

– Аталған реформаның келесі кезеңі – 2023 жылға дейін қылмыстық-атқару жүйесінен бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан азаматтарға қатысты медициналық бөлімді Денсаулық сақтау министрлігіне беру. Медициналық қамтамасыз ету функцияларын азаматтық денсаулық сақтау жүйесіне беру пенитенциарлық жүйені жаңғырту шеңберінде жүргізіліп жатыр, – деді ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Бұл реформаның мақсаты – азаматтардың медициналық қызметтерге сапалы және тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және қамауда ұстау жағдайында азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз әрекеттердің алдын алу.

Сонымен қатар, қабылданып жатқан шаралар ҚАЖ мекемелерінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі және олардың жұмыс ерекшелігін ескере отырып, еңбегіне ақы төлеу мәселесін азаматтық дәрігерлерден кем болдырмау мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шеңберінде барлық азаматтар, оның ішінде күзетпен ұсталатын азаматтардың денсаулыққа тең қол жеткізу және құқығын кемсітпеу туралы міндеттемені толық көлемде қабылдаған бірінші ел екенін атап өткен жөн. Бұл кепілдік тұтқындармен қарым-қатынасқа қатысты БҰҰ-ның ең төменгі стандартты ережелерінде де қарастырылған.

 – Ұсыныс азаматтық қоғам мен халықаралық сарапшылар тарапынан ұзақ уақыт бойы көтеріліп келді. Мен Президентімізге осы ұсынысты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Түрме дәрігерлері погондарын шешті. Медицина барлық азаматтар үшін қос стандарттарсыз болуы тиіс, – деп атап өтті ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.

Жауап қалдыру