Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

19 мамырдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қалай өзгермек

ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ОКҚ алаңында өткен брифингте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2022 жылғы қыркүйекте Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді.

– Министрлік мынандай заңнамалық өзгерістерді енгізді: біріншіден, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді арыздану сипатынан анықтау сипатына көшіру. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін жанжалқорларға қарсы арыз жазудан бас тартады, – деді спикер.

Өткен жылдың өзінде мұндай факті 70 мыңнан асты. Көбіне полиция келіп кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай жалғасады, кейде мұндай жағдайлардың соңы ауыр зардаптарға себеп болады.

Зұлқайыровтың айтуынша, ұсынылған түзетулер зардап шегушілердің арызынсыз (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Соңғы шешімді сот қабылдайды.

– Екіншіден, тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмаймыз. Өтініш болған жағдайда біз  әкімшілк хаттама толтырамыз, олардың жартысы жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Бұндай жағдайлар агрессордың қысымының немесе туыстарының сендіруі нәтижесінде болады. Мысалы, өткен жылы тұрмыстық жанжалдар бойынша сотқа 47 мың әкімшілік іс жіберілді. Оның
20 мыңы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Енді сотта тек бір рет татуласуға болады, қайталанған жағдайда татуласу мүмкін емес, яғни жанжалқор жауапқа тартылады, – деді Ренат Зұлқайыров.

Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымнан құтылуына мүмкіндік береді.

– Үшінші, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейттік. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін (73-бап, 73-1-бап, 73-2-бап, 461-бап, 669-баптың 2-бөлігі, 669-баптың 3-бөлігі) әкімшілік қамауға алу мерзімдері айқындалған. (бұл баптардың бәрінен “дейін” деген шектеуді алып тастадық, 10, 15, 20 тәулік қамауға алу қалдырылды), сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу мерзімі ұзартылды, – деп сөзін толықтырды спикер.

Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына (ҚК-нің 106-бабы, ҚК-нің 107-бабы) ауыр және орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіруге байланысты “кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділігі бар адамға қатысты іс-әрекет жасау” деген саралау белгісі енгізілді. ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың сөзінше, бұл оларды шағын ауырлықтан орташа ауырлыққа ауыстыруға және қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді (ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігінің санкциясы – 3 жылдан 8 жылға дейін, 106-бабының 2-бөлігі – 6 жылдан 10 жылға дейін ҚК-нің 107-бабының 1-бөлігінің санкциясы – 2 жылға дейін, аталған баптың 2-бөлігіне – 2 жылдан 3 жылға дейін).

Бұл түзетулерді Парламент депутаттары қолдап (16.03.2023ж.), Мемлекет басшысы қол қойды (20.04.2023 ж.).

Қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру