Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

284 адамның қос азаматтығы бары анықталды

Қазақстан көші-қон саласында халықаралық ынтымақтастықты жолға қойып отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

30 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көші-қон саласындағы маңызды құжатты депутаттар назарына ұсынды. Жиында қаралған өзекті тақырып – Қазақстан мен Беларусь арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық бойынша келісім туралы заң жобасын бекіту болатын.

Осы уақытқа дейін ІІМ-нің бастамасымен көші-қон саласында 23 халықаралық келісімге қол қойылды.
Халықаралық деңгейде тағы тоғыз келісім дайындалуда. Осы келісімдердің нәтижесінде: заңсыз көші-қон бойынша ақпарат алмасу жолға қойылды, адамдарды басқа елдерге қайтару мәселесі шешілді, шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі анықталды, қос азаматтыққа жол бермеу мәселесі шешілді.

Мысалы, ІІМ Көші-қон қызметінің жұмыс нәтижелері бойынша басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда жыл басынан бері пысықталған алгоритм бойынша қос азаматтығы үшін жауаптылыққа тартылған 284 бұрынғы азамат анықталды.

Азаматтығынан айырылған адамдар бола тұра, тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасына келу және тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдаланды. Олардың бірқатары шет мемлекеттің азаматтығын қабылдағаны туралы уақтылы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осы заң бұзушылықтар үшін 266 адамға (277 800 теңгеден 555 мың теңгеге дейін) айыппұл салынып, 18 адам елден шығарылды. Жаза тағайындау туралы шешімді сот органы қабылдайды.

Халықаралық келісімдер қос азаматтықты болдырмау жөніндегі жұмысты жеңілдетеді, өйткені екінші Тараптың азаматтығын алу туралы мәліметтерді қазақстандық Тарап қысқа мерзімде алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру