30-ға жуық жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізген
Ордабасы ауданының полицейлері мас күйінде автокөлік жүргізген 30-ға жуық жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып, тұрақты негізде жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтау және келеңсіздіктерді болдырмау, соның ішінде автокөлікті мас күйінде басқарудың алдын алу, айқындау бойынша рейдтік іс-шараларды жүргізіп жатыр.
Биыл жылдың басынан бері Ордабасы АПБ ЖПҚ патрульдік полиция инспекторлары автокөліктерді мас күйде басқарудың 28 жайтын анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (жүргізушінің алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде көлік құралын басқаруы, сондай-ақ алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан масаң күйдегі адамға көлік құралын жүргізуді беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілді.
Мысалы, 21 мамыр күні түнгі уақытта Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында рейдтік іс-шаралар жүргізген полицейлер «ВАЗ» автокөлігін тоқтатады. Тәртіп сақшылары құжаттарды тексерген кезде жүргізуші көлікті мас халде басқарып келе жатыр деген күдік туады. Сондықтан тәртіп бұзушыны медициналық куәландыруға жеткізген, сараптама қорытындысымен ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны расталды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Сот шешімімен бірқатар тәртіп бұзушы жеті жыл мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары бұрын мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін сот арқылы жүргізуші құқығынан айырылған төрт жүргізушіні ұстады. Қазіргі таңда полиция бөлімінің анықтаушылары аталған жайттар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы (көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
– Жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жаяу жүргіншілердің өмірін сақтауды қамтамасыз ету үшін жүргізушілер жол қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы және мас күйінде рөлге отырмауы қажет. Сонымен қатар, Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің полицейлері күнделікті аудан орталығының жолдарын патрульдеуде, көшелер мен жол-қиылыстарында жол белгілері орнатылып, жол қауіпсіздігінің сақталуына бақылау жүргізіп жатыр, – деп атап өтті Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Махамбетов.
Ордабасы аудандық полиция бөлімшенің жергілікті полиция қызметінің осы бағыттағы жұмысы алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.